Қазақтың Алакөл атты аймағы бар ... 19.02.2015 13:11
Табиғаттың табиғи бейнесін сақтау - оны аялап, өскелең ұрпаққа үйрету, санасына қондыру, дұрыс тәрбие беру, әрине, күн тақырыбынан түсер емес. Яғни, табиғит ана, оны аялау керек, сақтау керек, бағалау керек деп айту, осы, аздық етіп жүрген жоқ па?
Біз жас ұрпаққа айтамыз, үгіт насихат жүргіземіз. Солай бола тұра, адамның әсерінен, табиғи апаттар жағдайынан, жануарлар әсерінен көптеген факторларға ұшырап жатыр. Соның салдарынан өзгерістерге ұшырайды. Сен білесің бе? Бұл не? – деп балалардың санасына қазірден бастап осы табиғатымыз жайлы сұрақтар қойып, оның тез арада түсінуіне ықпал етуіміз керек. Тәрбиені жас кезінен бастап жүргізу керек деп ойлаймын. Бұл біз үшін ұрпақ алдында парыз. Сол парызды орындау барша адамзаттың міндеті.
Табиғи байлықтың бір бөлшегі сулы – батпақты жерлер. Сулы – батпақты жерлер табиғи және антропогендік гидроэкожүйелерді сақтауда, биологиялық алуан түрлілікті, оның ішінде байырғы, сирек кездесетін, жойылып кету қаупі бар түрлердің алуан түрлілігін сақтап қалуда маңызды рөл атқарады. Осы сулы – батпақты табиғи жер мына біздің өлкемізде кең орын алады. Яғни Алакөлде. Қазіргі кезде осы табиғатты табиғи күйінде сақтау, оны қорғау шаралары ұйымдастырылған. Өскелең ұрпаққа үгіттеп, насихаттау жұмыстары жүргізілуде. Игі істер арқасында отанымызда арнайы қорықтар мен қорықшалар, саябақтар мен бақтар құрылған. Соның бірі Алакөл – Сасықкөлдер жүйесінде, сулы – батпақты аумақтарда сирек кездесетін немесе жойылып бара жатқан құстар мен жануарларды қорғау үшін қорық құрылған. Бұл Алакөл қорығы. Осы байлықтарды қорғау, оларды әрдайым бақылап, оларға санақ жүргізу жұмыстары жасалуда. Мұндай жұмыстарды қорықтың ғылым бөлімінің қызметкерлері атқарады. Ғылыми – зерттеу жұмыстары 1999 жылдан бастап жүргізіліп келеді. Жалпы қорық аумағы Алакөл – Сасықкөл көлдер жүйесімен, Шығыс Қазақстан облысы, Ұржар ауданымен шекаралас орналасқан. Алакөл көлінің ортасында Үлкен, Орта, Кіші Аралтөбе атты аралдар бар. Осы аралдарда Көне дәуір шағаласының отары шоғырланған. Жалпы, Алакөл көлі бұйрабас бірқазан, үлкен суқұзғыны, бақылдақ құтан, шағала, аққұтан, көкқұтан және тағы басқа ерекше отарлы құстардың ұя салу ошағы болып табылады. Жалпы, ең бастысы суда және су маңында мекендейтін құстардың мекені. Қазіргі кезде мақтан ететін жайт, қорығымыздың аумағы Рамсар тізіміне енгізілген. Осындай байлығымызды сақтап, қадірлеп, аялап ұрпаққа жеткізу керек. Сонымен қатар, қорық аумағында әр түрлі жан – жануарлардың түрлері, жәндіктердің түрлері, өсімдік жамылғысының түрлері де кеңінен таралған. Өсімдік түрлерін атап өтсек олар: қамыс, бақа су көрігі, тарақбас шалаң, ақ тұңғыйық, гмелинг кермегі, жусан, жіңішке жапырақты қоға т.б өсімдіктер түрлерін көруге болады. Жан – жануарларды зерттейтін, олардың түрін анықтап, арнайы санақ жүргізу жұмыстары атқарылады. Қорық аумағында қабан, түлкі, қасқыр, қоян, борсық, елік сияқты жануарлар мекендейді. Жерімізде кездесетін осындай байлықтарымызды сақтауымыз керек. Алакөлдің сонымен қатар мақтан ететін көлдері бар. Олар Алакөл, Сасықкөл, Жалаңашкөл, Қошқаркөл. Осы көлімізде таралған балықтарымызда аз емес. Сазан, алабұға, мөңке балық, табан балық, көксерке сиқты т.б. балықтар кездеседі. Алакөлдің баға жетпес байлықтары көп. Айта берсек таусылмайды. Тауыда бар, көліде бар, аң –құсы ол мыңқырған, баға жетпес Алакөлге кім қызықпайды. Осындай берекелі, мерекелі жерден айналайын. «Құмы шекер, қаймағы бал, Қазақтың Алакөл атты аймағы бар» деп бекер айтпаған. Ақын жазушыларымыз жырлағандай, жерімізді осындай байлықтарымен мақтан ете аламыз. Алакөлдің сарқылмас қазынасы осы байлығымызды сақтайық, қорғайық!
Г.Ашимова
Алакөл МТҚ
ғылыми қызметкер